Сөресінде – жергілікті тауарлар

Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдаған Үндеуінде биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын білеміз. Осы орайда Үкіметке 4 тапсырма жүктеген еді. Соның бірі жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ден қойып, биылғы жылы өзін өзі жұмыспен қамтитындардың санын 100 мыңға дейін жеткізу қажеттігін айтты.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі себепті жастар арасында жеке кәсіпкерлікке қызығушылық байқалады. Алайда ешкімнің көмегінсіз тәуекелге бел буып өзі кәсіп ашып жатқандар да жоқ емес. Соның бірі – Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылының тұрғыны Ахметжан Тұрғын. Заңгер мамандығы бойынша білім алған Ахметжан өз мамандығымен мемлекеттік қызмет те атқарған. Қазіргі нарық заманында бір айлықпен күн көріп, табыс көзін арттыру қиындау екені рас. Алға жылжудың ең тиімді жолы кәсіпкерлік екенін түсінген ол өздігінше осы бағытта іздене бастайды.
– Кәсіппен айналысар алдында көп ойландым. Ауданымызда тұтынатын азық-түліктерден не тапшы, не сапасыз екенін зерттей бастадым. Құс етіне сұраныс біршама көп болғанымен, дүкендерге қойылған құс еттері сырттан импортталған өнім екенін аңғардым. Біріншіден сапасы мен қауіпсіздігі жағынан, екіншіден отандық өнімді қолдау барысында Жамбыл облысы, Байзақ ауданында «Әулие-Ата құс» фабрикасынан өндірілетін сапалы әрі толықтай тексерістен өткен «Халал» сертификаты бар өнімді ауданымызға әкелуді дұрыс деп таптым. Сонымен қатар, құс етінен бөлек жылқы, қой еттерін де қолжетімді бағада халыққа ұсынудамын. Тұтынушылар жылы лебізін білдіріп, тауар сапасына қанағаттанатынын айтқанда дұрыс шешім қабылдағанымды түсіндім, — дейді жас кәсіпкер.
Расында, мамандар шетелден тасымалданатын құс еттерінің құрамынан адам ағзасына зиянды ішек таяқшаларының табылып жатқандығын айтады. Құс еті ұзақ жолды, ұзақ мерзімге сақтауды көтермейтін, тез бұзылатын өнім болғандықтан бізге жеткенге дейін сырттан импортталатын өнімнің сақтау нормалары бұзылады. Сондай- ақ, салмағын көбейту үшін де су мен құрамында фосфаты бар сұйықтықтар қосатыны анықталған.
Ал елімізде отандық құс өнімдері екі бірдей министрліктің тексеруінен өтеді. Тауарды өндіру процесін ауыл шаруашылығы министрлігі бақыласа, денсаулық сақтау министрлігі дайын өнімді тексеріп отырады. Шетелден импортталған тауарды тек дүкенге түскенде ғана бақылауға алады. Соның салдарынан елімізде сапасыз тауарлар дендеп тұр.
Отандық өнімнің өресін кеңейтуге үлес қосып жүрген Ахметжан Ғаниұлы жаңадан ашылған «Аңсар» әлеуметтік базарынан дүңгіршекті жалға алып, кәсіпті өз қаражатымен бастап отыр. Болашақта кәсіпкерлікті ары қарай дамыту үшін мемлекет тарапынан дайындалған жас кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар бойынша біліктілігін арттыруды көздеп отыр.

Нұршат ЕРСАЙЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *