Кесенелерді бұзылудан сақтап қалған

Қасиетті де, киелі Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелерін Ұлы Отан соғысы жылдарында бұзбақ болғандардың қара ниетіне қарсы тұрған қазақтың қара кемпірі Бейсекүл Марайым келіні мен археолог-ғалым Героним Иосифұлы екенін екінің бірі біле бермейді.Оқырманға түсінікті болуы үшін оқиғаның қалай болғаны туралы рет-ретімен айтайық.
Көненің көзі ретінде қазіргі заманға дейін сақталынып келе жатқан тарихи ескерткіштер Жамбыл облысында баршылық. Соның бірегейі – Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелері. Кесенелер Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Сәулетті. Ерекше, арнайы дайындалған кірпіштерден өрілген. Х-ХI ғасырларда салынған деген жорамал бар. Бабажа апамыз туралы аңыз әр түрлі. Атақты Айша сұлудың қамқоршысы, мазарының шырақшысы болған аңыз басымдау. Бүгінде киелі де, қасиетті болған кесенелерге тәу етушілер көп-ақ. Тарихи ескерткіштерді 1897 жылы В.Каллаур, 1938 жылы А.Бернштам, 1953 жылы Т.Бәсенов зерттеген. Кесененің сапалы салынуы оның ұзақ сақталуына себепкер болуда.
Сәулет өнерінің әлемге белгілі ғажаптарының бірі ХХ ғасырдың 40-шы жылдары жер бетінен жоқ болып кету қаупі туындаған оқиғаны біреу білсе, біреу білмес. Бірақ әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. Анық-қанығына жету үшін біз архив құжаттарын ақтардық, ғасырлар бойы бір әулет шырақсысы болып келе жатқан азаматтармен пікірлестік. Нәтижесінде назар аударарлық дерекке, айта жүрер оқиғаға қанық болдық.
1938 жылы Жамбыл қаласында бүкіл Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ежелгі тарихи ескерткіштерін зерттеп, қорғаумен айналысатын Археологиялық пункт құрылған болатын. Алғаш оның бір ғана ғылыми қызметкері – Г.И.Пацевич пен қарауылы ғана болды. Пункт Қарахан кесенесінде орналасты. Таластың батыс өңірін, Билікөл аумағын, Берікқара қорғандарына экспедиция жасап, тапқан олжаларын Ленинградтағы Шығыстану Академиясына жөнелтіп жатты. Дәуітбек, Қарахан, Айшабибі, Бабаджа Хатун, тағы да басқа тарихи ескеткіштер Археологиялық пункттің қарамағына берілді. Оның атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Ең бастысы Бабажа Хатун кесенесін сақтап қалуда ерен еңбек еткен.
Жамбыл облысы мемлекеттік архивінде осы оқиғаға байланысты құжаттармен бірге археолог, пункт меңгерушісі Героним Пацевичтің Жамбыл облыстық атқару комитетіне жазған баянаты сақталған. Қазіргі Айшабибі ауылы ол кезде «Головачевка» деп аталатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында осы ауылдың өкпе тұсында Чугуев атындағы әскери ұшқыштарды даярлайтын мектеп орналасқан еді. Мектептің бастығы Балабай деген нәсілі еуропалық қуыс кеуде біреу болса керек. Ол 1943 жылдың 18-қаңтарда кесене шырақшысы әрі қарауылы Бейсекүл Марайым келініне келіп, монша салу үшін кесенелерден 2 мың кірпіш алатындығын ескерткен. Бейсекүл не айтарын біле алмай, жылап жібереді. Ботадай боздап, орыс тілінде шатып-бұтып, кесенені бұзуға болмайтындығын, оның киесі ұратындығын айтады.
Сол сәтте ата-бабасынан бастап ғасырлар бойы бүгінгі күнге дейін киелі орынның шырақшысы болып келе жатқан Бейсекүл ері Тойшыбектің көмегімен шыңылтыр аязға қарамастан Аса өзенін жалдап өтіп, сол күні Жамбылға жетеді. Жылап тұрып, әскерилер ертең кесенелерді бұзып, кірпішін алатындығын айтады. Хабарды естіген Археологиялық пункттің басшысы Героним Иосифұлы Пацевич шошып кетеді. Ғалым киінер-киінбестен Бейсекүлді жанына ертіп, обкомға қарай жүгіреді. Алайда сол күні жиналыс болып жатқандықтан бірінші басшыға кіру мүмкін болмайды. Түннің бір уағына дейін күтеді. Хатшы жиналыстың таңға жуық қана бітетіндігін айтады. Героним тезірек әрекет ету үшін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына баянхат жазып, хатшыдан жедел басшысына беруді өтінеді. Түннің болғанына қарамастан обкомнан құстай ұшып, әскери мектепке келеді. Мектеп басшысы кесенені бұзуға обкомның бірінші хатшысы Ткаченко жолдастың өзі ауызша рұқсат бергендігін айтады. Героним Балабайға кесененлерді бұзуға болмайтындығын, тарихи маңызы бар ескерткіш екендігін шегелеп айтады. Бірақ әскери адам ниетінен қайта қоймайды.
20-қаңтар күні жүк таситын мәшинемен келген әскерилер алдымен Бабажа Хатун мазарын бұза бастайды. Бейсекүл апаның жанайқайына да, жылағанына да қарамастан, сол күні кесененің шатырын талқандап, мыңға жуық кірпішін әкетеді. Кесененің шатыры құлап, бір жақ қабырғасы үңірейіп қалады. 21-қаңтар күні таң атар атпастан Бейсекүл темір жолда жұмыс істейтін жасөспірім баласы Әбділда екеуі Жамбыл қаласына келіп, Геронимге болған жағдайды баян етеді. Ол Бейсекүлді жанына ертіп,екеуі тағы да жүгіріп обкомға келіп, жедел облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ткаченкоға кіргізуді талап етеді. Әупірімдеп обкомның басшысына кіреді. Жағдайдан хабардар болған М.И. Ткаченко өз тарапынан ондай рұқсат берілмегендігін айтады. Жедел мектеп басшысын шақырып түсініктеме алатындығын айтады. Головочевка ауылдық кеңесіне телефон шалып, ғалым мен шырақшының көзінше жүгенсіздікті тез тоқтатуын талап еткен.
Нәтижесінде алынған кірпіш қайтарылады. Бейсекүлдің немересі Мәдінің айтуынша осы оқиға өткен екі күннен кейін мазарды бұзған екі ұшқыш ұшағымен құлап, өлген. Оларды сол кезде құрметтеп, кесененің жанына көміпті. «Бұл оқиғаны маған апам айтып, олар жерленген жерді де көрсеткен. Апам дүниеден өткенше Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелерін күтіп, баптап ұстап, шырақшысы болды. Қайтарылған кірпіштің орнына қойылмағаны жанына бататын. Кесенені сақтауды бізге аманаттап кеткен еді» дейді Мәді ақсақал.
Бұл оқиғадан хабардар болған жоғарыдан кесенені қалпына келтіру туралы тапсырма болғанымен ол жұмыс атқарылмады. Ол сол кезде оңай шаруа да емес еді. Бастапқы келбетіне келтіру үшін сәулетшілер қажет. Құрылысты жүргізетін маман да, қаржы да жоқ болатын. Алапат соғыс кезінде, барлық қаражат майданға, Жеңіс үшін жіберіліп жатқанда кесенені қалпына келтіру мүмкін болмады. Г.И.Пацеевич өз баянхатында: «Мною, немедленно же, было составлено отношение на имя областного военного комиссара, как начальника гарнизона, с просьбой о запрещении разборки мавзолеов в поселке Головачевка» делінген.
Осындай әрекеттің нәтижесінде Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелері толық бұзылмай, аман сақталып қалды. Кесенелер еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалпына келтірілді. Биыл екі кесене де «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне енген.
Материалда тілге тиек етілген деректерді Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің ардагері, жазушы-мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет бастаған архив қызметкерлері шығарған «Тараз: Археологиялық зерттеулер» атты құжаттар жинағынан толық оқуға болады. Ал Бейсекүл апаға қатысты деректер оның немересі Мәді Тойшыбековтен алынды. Жинаққа 1938-1945 жылдар арасындағы Александр Бернштамның, Героним Пацеевичтің СССР Ғылым Академиясының Н.Я.Марр атындағы Деректі мәдениет тарихы институтының Алматы филиалына жолдаған баяндамалары енгізілген. Құжаттардағы мәлімет құндылығымен ерекшеленеді. Кітапқа енген деректер өлкетанушылар мен тарихшыларды қызықтырары анық.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ
Сағындық ЗЕЙНУЛЛАҰЛЫ,
Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің қызметкерлері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *