Жаңарған колледжде жағымды жаңалық көп

Бәсекеге қабілетті бірден-бір ел болу үшін сарқылмайтын білімнің қайнар көзін қарқынды меңгеру қажеттігін барша ел бұл күнде мойындаған. Сол қарқыннан егемендігін енді алса да елдігін әлемге паш етіп үлгерген Қазақстан мемлекеті қалыс қалған емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес әлеуетті қатысушылар үшін экономиканың басым секторларының ішінде құрылыс материалдары мен металл емес өзге минералды өнімдер өндіру, сонымен қатар кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке де баса назар аударылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Қазіргі таңда осы мақсатта жасалып жатқан ілкімді істер аз емес. Демек жоспардың жүйелі орындалып жатқандығы деген сөз. Ұлт жоспарына өзіндік үлес қосатын негізгі күш халық болса, өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті білім нәрімен сусындадатын оқу ордаларының орыны орасан. Солардың бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжі болып табылады.

Бүгінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 77 қадамын орындау мақсатында республика бойынша айқындалған 10 үздік колледж қатарында. Қазіргі таңда аталмыш білім ордасында 32 мамандық бойынша жалпы 3164 студент білім алады. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде 2825, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 597 бала оқиды.
Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалардың да жағдайы колледж басшылығының назарынан тыс қалған емес. Оларға ай сайынғы берілетін стипендия 16759 теңге болса, ыстық тамаққа 449, жолақысына 5550 теңгеден қарастырылған.
2018 оқу жылындағы статистика бойынша, коледждегі 20 мамандық бойынша бітірген түлектер саны 750-ді құрап, жұмыспен қамтылуы 80 пайызға жеткен. Жалпы айтқанда техникалық мамандықтардың жұмыспен қамтылуы жоғары дейді мұндағы ұстаздар. Ал Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева өткен жылдағы атқарылған тындырымды тірліктерін тағы бір мәрте таныстырып өтті.
– 2018 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 250 миллион теңгеге техникалық мамандықтар бойынша оқу лабораториялары және шеберханалар соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, тоқыма өндірісі, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, ақпараттық жүйелер, химиялық технология және өндіріс, автоматтандыру және басқару, өндірістегі электрлі-механикалық жабдықтар мамандықтары бойынша оқу базасы автоматтандырылып және сандық жабдықтармен жасақталды.
Облысы әкімінің 2018 жылғы 14 қыркүйектегі №165 Қаулысына сәйкес «Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне» «Тараз химия-технологиялық колледжін» қосу жолымен қайта ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі таңда оқу үрдісі 2 ғимаратта жүргізіледі.
Материалдық-техникалық базасы жайлы айтатын боласам, колледжде 2 оқу корпусы, 2 шеберхана, 2 жатақхана, 82 пәндік кабинет, 19 оқу зертханасы, 15 компьютерлік кабинеттер, 21 шеберханалар, 3 спорт зал, 1 спорт алаңы, оқу полигоны, кітапхана және 2 акт залымен қамтамасыз етілген, – дейді Ж.Орынбаева.
Сонымен қатар колледждің бірінші қабатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында техникалық және кәсіптік білім саласында мемлекеттік қызмет көрсетудің электрондық орталығы ашылған. Аталған орталықта облыстық білім басқармасының zhambyltipo.kz сайты арқылы «Автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер» бағдарламасы бойынша «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушыларға жатақхана беру», «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау», «Техникалық және кәсіптік білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру», «Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыс беру», «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім алуды аяқтамаған адамдарға анықтама беру» сынды мемлекеттік қызметтердің 7 түрі көрсетіледі.
Бүгінде колледжден «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «тоқушы, кілемші, техник-технолог» біліктіліктері бойынша 58 бала білім алуда. Өз кезегінде бұл мамандықтар шәкірттердің білім ордасын бітергеннен кейін маман болып алған білімдерін кәдеге жаратуына жағдай жасайды. Айталық «Тоқу өндірісі» мамандығы «Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіпорынының тапсырысы бойынша ашылған екен. Білімгерлердің осында жұмыс істеуге әбден мүмкіндігі бар деген сөз. Және «Қазфосфат», «Бином», «Тараз металлургиялық зауыты», «Жамбыл гипс», «Жамбыл электр желілері» сияқты 85-тен астам кәсіпорындармен әлеуметтік келісімшарттар жасалған. Бүгінде әлеуметтік серіктестермен белсенді қарым-қатынас орнатылып, олардан студенттер өндірістік тәжірибеден өтуде.
Сондай-ақ, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және пайдалану» құзыреттілік орталығында «Volkswagen» неміс автокөлігінің макеті, автокөліктің генераторларының ток күштерін қалыптастыру, бензинді және дизельді қозғалтқыштар, Ваз 2114 автокөлігінің электр жабдықтарының макеттері және Ресейлік «Форфард» автотренажеры орналасқан. Бұл орталықта білім алушылар жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарын жүргізуді, жол қауіпсіздігі ережелерін оқып, үйренеді.
Колледждегі айтарлық жағымды жаңалықтың бірі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ұлы Дала өркениеті» тарихи орталығы ашылған. Онда бүгінгі таңға дейін белсенді жастар 6 жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, танымдық экскурсиялар, қоғамдық дәрістер, тақырыптық кеш, ақпараттық сағаттар өткізіп тұрады.
Жалпы алғанда жаңа ғимаратпен қосылған білім ордасының сипаты таңдай қақтырарлық десе болатындай. Сәулеті келіскен, маңайы әсем, ең бастысы заманауи оқу құралдарымен жабдықталған. Фойесінде түрлі іс-шаралар, шығармашылық кездесулер мен шағын байқаулар да өтеді екен. Енді тек «Жанам деген жүрекке от берген» деген мемлекетке жастардың аянбай еңбек етуі керек сияқты. «Өзге қалалардағы оқу ордаларымен иық тіресе алатындай, мамандығы сұранысқа ие, жайлы, білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған колледжде оқып жатқанымызға қуаныштымыз» дейді кезекті оқу жылын жағымды жаңалықтарымен бітіріп жатқан білімгерлір.
Аталмыш білім ошағынан біз де алдағы уақытта елімізге еңбек сіңіретін, өнеркәсіпте таңқалдырарлық жаңалықтарды жарыққа шығарған мамандар шығады деп сенеміз.

Елдар Боранбек

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *