Шаруалар мәселесі назарға алынады

Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жамбыл ауданына жұмыс сапары мен болды. Аймақ басшысы сапары барысында ауыл шаруашылығы нысандарында болып, агросаланың аяқ алысы туралы кең ақпарат алды. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысты.

Аймақ басшысы Жамбыл ауданындағы жұмыс сапарын Айша бибі ауылдық округінде орналасқан «Супер-Фарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік медициналық өнімдер өндіретін зауытынан бастады. 2011 жылдың желтоқсан айында құрылған мекеменің құрылысына 520 млн. теңге жұмсалған.
2,894 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорын медицинаға арналған халат, бинт, бір жолғы бахилалар, бетперделер, төсеніштер секілді өндірістік бұйымдар шығарумен айналысады. Жобалық қуаты жылына 15 млн. дана өнім шығаруға қауқарлы өндіріс ошағында 111 адамды жұмыспен қамту көзделсе, қазір 250 адам еңбек етуде. Қызметкерлердің орташа жалақысы 98 000 теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда зауыт қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. 2017 жылы зауыт 17,1 млн. данадан астам өнім өндіріп, 2016 жылмен салыстырғанда 4,2 млн. данаға артық орындалған.
Медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың өндіріс көлемін кеңейту мақсатында 2017 жылы зауыт аумағынан 2 гектар жерге жаңа зауыт құрылысы басталды. Жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды.
Келесі кезекте Асқар Мырзахметов осы ауылдық округтегі «Ақкөл» шаруа қожалығының тамшылатып суару әдісімен егілген 50 гектар пияз алқабына ат басын бұрды. Егін және мал шаруашылығы бағытында қызмет ететін қожалық меншігінде жалпы аумағы 7 399 гектар жер бар. Оның 1 102 гектарына егін егілсе, 6 мың гектары жайылымдық мақсатқа пайдаланылады. Жалпы, шаруашылық биылғы жылдың өнімі үшін күздік бидай – 110 га, жаздық арпа – 120 га, мақсары – 115 га, қант қызылшасы тамшылатып суару технологиясымен – 50 га, көпжылдық шөп – 200 га және көкөніс – 150 гектарға еккен.
Сонан соң Асқар Исабекұлы Айша бибі ауылдық мәдениет үйінде орналасқан ақпараттық орталықта болды. 2018 жылдың 25 тамызында ашылған орталықтың материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға 562 000 теңге қарастырылып, компьютерлер, принтерлермен қажетті дыбыстық және бейне құрылғылар алынған.
Аталған орталықта тұрғындар «Азаматтарға арналған үкімет» порталынан анықтамалар алу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңға дейін жалпы саны 214 анықтама берілген.
Бұдан бөлек, орталықта домбыра үйрету, ақындыққа баулу, қолөнер шеберлері, ағылшын тілі секілді үйірмелер жұмыс істейді. Оларда ауылдың 95 тұрғыны қамтылған.
Облыс әкімі Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары барысында Айша бибі ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудандағы қоғамдық, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары және көпбалалы аналар қатысқан басқосуда мемлекет тарапынан тұрғындардың әл-ауқатын өсіру, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Кездесуде облыс әкімдігінің тиісті басқарма басшылары аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жайын баяндады. Сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға қолдау көрсету шаралары жайлы мәлімет берді.
Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізілетін жұмыстар жайы талқыланып, аймақ басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Жұмыс сапары аясында Асқар Мырзахметов Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығының жылыжыжай кешенінің жұмысымен танысты. 2013 жылы ашылған кешен құрылысына 157 289 мың теңге жұмсалған. Оның 137 289 мың теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ Жамбыл филиалынан алынса, 20 000 мың теңге – қожалықтың өз қаражаты.
1 гектар аумақта орналасқан жылыжай жылына 400 тонна өнім алуға негізделген. Осы мақсатта еңбектеніп келе жатқан шаруашылық өткен жылы 356,3 тонна қияр жинаған. Бүгінгі таңда мұнда 20 адам тұрақты қызмет етеді.
Келесі кезекте Асқар Исабекұлы осы елді мекендегі «Жаңа Кемер құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеміс-жидек сақтайтын қоймасының жұмысымен танысты. 2018 жылдың қазан айында жүзеге асырылған жобаға жалпы сомасы 747 млн. теңге жұмсалған.
5 000 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде 2 000 тонна жеміс-жидек және 3 000 тонна көкөніс сақтауға арналған қойма жобалық қуатына 2019-2020 жылдары шығады деп күтілуде. Қазіргі таңда, мұнда 160 тонна алма сақталып тұр. Қоймада сақталатын өнім еліміздің көлемінде, оның ішінде бірінші кезекте Жамбыл облысы және Нұр-Сұлтан қаласының нарығына шығарылады. Алдағы уақытта өнімді Ресей Федерациясына экспорттау көзделіп отыр.
Асқар Мырзахметов аудандағы жұмыс сапары соңында аудандық бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында Жамбыл ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, «Қарапайым заттар экономикасы», еңбекақы көлемін арттыру, жұмысшылар санын қысқартпау мәселелері қаралды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылған шаралар талқыланып, мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін жеңілдетілген несиелерді алу жолдары айтылды. Кәсіпкерлердің мәселелері тыңдалды.

Мұрат ӘЛІМ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *