ҚР Президентінің сайлауы 9 маусымда өтеді

Апта басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Тікелей эфирде сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

– Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым.
Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым. Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім. Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім. Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім, – Қ. Тоқаев өз сөзінде.
Үндеуі барысында Президент кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам екенін айта келе қазір еліміздің тарихи кезеңді бастан өткеріп отырғанын, жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысуы үлкен жетістік екеніне тоқталды.
Сондай-ақ, басты қазынамыз – халықтың біртұтастығын сақтап, қастерлей білуге шақырып, алдағы өтетін Президент сайлауы осы ынтымақтың дәлелі болуы керектігін де атап өтті.
– Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін.
Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.
Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым. Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беретінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды саяси науқанға жауапкершілікпен қарауға шақырып, еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры өз шешімімізге байланысты екенін еске салды.

«Ауыл-аймақ»-ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *